Қазақстанда еңбекке жарамсыздық парағына қатысты жаңа тәртіп енгізіледі: 434 ауру тізімге енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі екі айдан асатын аурулардың тізімі жаңартылды. Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 6 қарашадағы бұйрығына сәйкес, құжатқа 434 ауру енгізілген. Жаңартылған тізімде ауыр жұқпалы аурулар, жүйке жүйесі мен жүрек-қан тамырлары жүйесінің сырқаттары, онкологиялық және қан аурулары, сондай-ақ түрлі жарақат бар.

Фото: hrl.kz/ru/news

Атап айтқанда, тізімге туберкулез, оба, сібір жарасының өкпелік түрі, менингококк инфекциясы, құтыру, вирустық энцефалит, А және В гепатиттерінің ауыр түрлері, АИТВ инфекциясы және безгек енгізілген.

Сондай-ақ қатерлі және қатерсіз ісіктер, лейкоздың түрлері, апластикалық анемия, қан ұюының бұзылуы, жедел миокард инфаркті, жүрек жеткіліксіздігі, жайылған склероз, бауыр циррозы, эпилепсия және шизофрения да осы санатқа жатады. Бұдан бөлек, күйік, үсік және өзге де жарақаттар бойынша еңбекке жарамсыздық мерзімі екі айдан асуы мүмкін аурулар қатарына енгізілген.

Министрлік бұйрығы 2026 жылғы 24 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұған дейін Қазақстанның 4 өңірінде жұқпалы аурулар туралы шұғыл хабарлау жүйесі сынақтан өтіп жатқаны туралы жазған едік.