— Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар 751 мың адам тұрады. Бұл бағытта азаматтарды әлеуметтік қорғау — тек жәрдемақы төлеу немесе қызмет көрсету ғана емес, ең бастысы — олардың білім алуына, еңбек етуіне, еркін жүріп-тұруына жағдай жасау. Осы бағытта бағдарламада өзекті мәселелерді шешу үшін біраз іс-шараны ұсынып жатырмыз. Мысалы, жасанды интеллектіні пайдалана отырып, мүгедектікті сырттай проактивті түрде белгілеу тәжірибесін нығайту қажет. «Жеке әлеуметтік ваучерлерді», үй жағдайында оңалту тәжірибесін барлық өңірде енгізу керек. Одан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды сапалы дайындау үшін оқу бағдарламаларын жаңарту, сондай-ақ, интерактивті картада көрсетілген нысандардың және жаңа инфрақұрылымның қолжетімділігін камтамасыз ету қарастырылған, — деді ол.
Сонымен бірге, Динара Зәкиеваның сөзінше, қарияларға лайықты зейнетақы төленіп, олардың ұзақ өмір сүруіне жағдай жасалуға тиіс.
— Аға буынға қамқорлық — бұл тек зейнетақымен қамтамасыз ету ғана емес, лайықты және белсенді өмір сүруге мүмкіндік беру. Бұл бағытта «Ересек еріктілер» бастамасын қолдап, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Сондай-ақ, қолдауды қажет ететін адамдарға ұзақ мерзімді күтім жүйесін дамыту керек, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін бюджеттің 20%-ы әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталатыны жөніндегі Динара Зәкиеваның мәлімдемесін жариялағанбыз.