Қазақстанда газ тарату ұйымдарына жаңа талап енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

Фото: Kazinform

Оның айтуынша, Парламент Мәжілісінің депутаттары газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірлеген.

-Заң жобасында газ тарату ұйымына өз газ құбырларын тікелей магистральдық газ құбырына қосу жөніндегі міндетті талап енгізу көзделген. Бұл тұтынушыларға қолданылатын «қос тарифтерді» болдырмауға мүмкіндік береді, - деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы газ саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, тауарлық газды есепке алу жүйесін цифрландыруға және газбен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, аталған заң жобасы 11 маусымда Парламент Сенатында екі оқылымда қабылданды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының қол қоюы күтіліп отыр.

Еске салайық, Қазақстанда газ тұтынуға әлеуметтік норма енгізілуі мүмкін.