«QazaqGaz Aimaq» АҚ 2026–2027 жылдардағы алдағы күзгі-қысқы кезеңге газ шаруашылығын кешенді дайындауды жалғастыру үстінде. Компанияның жауапкершілік аймағында 77 мың км газ тарату желісі, сондай-ақ оларда орналасқан газ шаруашылығының нысандары мен құрылыстары бар. Бүгінде дайындықтың жалпы деңгейі 91%-ды құрайды.
Жазғы кезеңде «QazaqGaz Aimaq» АҚ «Интергаз Орталық Азия» АҚ, коммуналдық қызметтермен, өңірлердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларымен және ірі кәсіпорындармен бірлесіп, тұтынушыларды сенімді, қауіпсіз және үздіксіз газбен қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы жұмыстар кешенін жүргізіп жатыр.
Жылыту кезеңіне дайындық аясында реттеу және профилактикалық жұмыстар орындалуда. Бүгінде:
· ГРП және ГРПБ-ға ағымдағы жөндеу жұмыстары 92%-ға орындалды;
· ГРПШ және ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстары – 93%;
· электрохимиялық қорғау құралдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары – 93%;
· газ құбырларына аспаптық тексеру – 96%;
· ажырату құрылғыларына техникалық қызмет көрсету – 84%.
Биыл QazaqGaz Aimaq» газ қысымының төмендеу себептерін жоюға және газ тарату желілерінде апаттық жағдайлардың туындау тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған қосымша іс-шараларды да іске асырып жатыр.
Барлығы 227 осындай іс-шара көзделген, оның 206-сы немесе 91%-ы орындалды. Атап айтқанда:
· газ құбырларын сақиналау – 93%;
· қосымша ШГРП орнату – 90%;
· ШГРП-дағы қысым реттегіштерін ауыстыру – 90%;
· газ құбырларының диаметрін ұлғайту – 89%.
Газ шаруашылығын алдағы жылыту маусымына дайындауға 6 306 өндірістік персонал қызметкері тартылды. Компанияның қызмет көрсетуінде 287 360 ГРП, ПГБ және ШГРП бірлігі бар.
-Жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар қысқы жүктемелердің ең жоғары кезеңінде тұтынушыларды тұрақты, үздіксіз және қауіпсіз газбен қамтамасыз етуге бағытталған,-делінген хабарламада.
Осыған дейін жылыту маусымына дайындық деңгейі 57%-ға жеткенін жаздық.