Қазақстанда гидрогельді не үшін ойлап тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биология ғылымдарының кандидаты Вячеслав Огай адамның тізе және жамбас буындарындағы остеохондральді кемістіктерді қайта қалпына келтіруге арналған гидрогель ойлап тапты. Гидрогель ортопедия мен травмотологияда шеміршек және сүйек тіндерін эндопротездеумен қатар емдей алады, деп хабарлайды ҚР БҒМ Ғылым комитетінің сайты.

Гидрогель табиғи компоненттерден тұрады, жәнеде құрамында бағаналық жасушалар, хондро- және остеоиндуктивті өсу факторлары бар. Бұл өнертабыс І және ІІ дәрежедегі остеохандральді кемістіктерді емдеуде қолданылады. Гидрогельді пайдаланғанда адамның зақымданған шеміршек және сүйек тіндері ота жасалған соң үш немесе одан көбірек уақыт аралығында бастапқы қалпына қайта оралып, жазылады.

«Остеохондральді кемістіктер өте ауыр емделеді. Науқастың субхондральді тілімі және шеміршек қабаты бүлінеді, әрине, ондай дерті барлар қозғалған кезде қатты ауырсынуды сезінеді. Бұл жағдайда эндопротездеу қолданылады. Ондайға жол бермеу үшін маған биотехнологияларды қолдану және науқастың буындарындағы шеміршек және сүйек тіндерін толықтай қайта қалпына кетіретіндей түрлендірілген және биоүйлесімді болатын гидрогель жасап шығару ойы келді», - дейді Биотехнологиялар орталығының бағаналық жасушалар зертханасының меңгерушісі В.Огай.

В. Огай ғалымдар тобымен біріге отырып, өсу факторларына қажет мөлшерді білу үшін және белгілі бір мерзімде кемістіктерді жою үшін қандай концентрация керек екенін түсіну үшін гидрогельдің сегіз түрлі құрам мен концентрациясын пайдаланған екен. Олар бағаналы жасушалар және өсу факторларының оңтайлы топтамасы бар гидрогель нұсқасын анықтай алды. Бұл нұсқалы гидрогельді қолданған соң зертханалық жануарлардың тізе буындарындағы остеохондральді кемістік толықтай жазылып кеткен.

Эндопротездеу туралы: отадан кейін науқас саллыстырмалы түрде аз ауақытта аяғына тұра алады, алайда эндопротездеу кезінде протездің жылжып кетуі, эндопротездің бактериялық инфекция жұқтырып алуы секілді белгілі-бір кері әсерлер пайда болуы мүмкін. Протездің қызмет ету уақыты 10 жылды құрайды, бұл мезгіл өткен соң оны жаңасына ауыстыру қажет.   

Осы секілді жұмыстар Израильде, Гемранияда, Оңтүстік Кореяда, АҚШ-та жүргізіліп жатыр. Отандық өнертабыстың табиғи құрамы бірегей. Себебі басқа елдерде синтетикалық заттар қолданылады.

«Олар арзан, бірақ табиғи құрамалар анағұрлым жақсы. Мейлі ол қымбатырақ болсын, бірақ ол толықтай қалпына келтіру үшін қажетті нәтиже береді», - дейді В. Огай.

Қазіргі таңда гидрогель сыналып жатқан барлық елдерде енді құрылу және зерттеу кезеңінен өтуде.

«Біз қазір клиника алдындағы зерттеулер өткіздік. Алдағы уақытта біз гранттық қаржыландырудың келесі кезеңіне тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз. Бұл зерттемелерімізді остеохондральды кемістіктері бар науқастарға қолданып көру үшін», - дейді ғылыми жобаның жетекшісі Вячеслав Огай.

3 жылдан 6 жылға дейін өтетін клиникалық зерттеулерді сәтті өткізген соң біз бұл өнертабысымыздың қауіпсіздігін, тиімділігін анықтаймыз, сонан соң оны тіркеп, бүкіл еліміз бойынша медициналық тәжірибеге енгізуге болады.

Вячеслав Огайдың жетекшілігімен жасалған «Остеохондральді кемістіктерді қайта қалпына келтіру үшін бағаналы жасушалар негізіндегі инъекциялық гидрогельді жасап шығару» жобасы 2015 жылы ҚР БҒМ Ғылым комитетінен үш жылға 21 млн теңге грант қаржысын алды.