Құжаттың мақсаты отандық ғылым саласының нәтижелілігін, инновацияларды енгізудің деңгейін арттыру және экономика дамуының басым бағыттарында жоғары технологиялық өндірісті дамыту болып табылады. Бұл ретте заң арқылы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандырудың мемлекеттік шаралары қамтылып отыр. Атап айтқанда, бизнестің қосалқы қаржыландыруын қоса алғанда, бюджет қаражатынан коммерцияландыру жобаларының гранттық қаржыландырылуы көзделеді. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, коммерцияландыру орталықтарының, ғылыми қызмет нәтижелерінің авторларын қолдау шаралары қаралады. Сонымен қатар өндіріске инновацияларды енгізу бойынша жұмыстарды қаржыландыру тетіктері қамтылады. Ғылыми гранттар мен бағдарламалардың құрылымын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қажеттіліктеріне қайта бағдарлау қарастырылады. «Заң жобасы арқасында бизнеске отандық технологиялар мен зерттемелерді ынталандыру шаралары қамтылып отыр. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының инновациялық инфрақұрылымының аса маңызды буын ретіндегі рөлін күшейтуге баса назар аударылып отыр», - дейді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
11:12, 08 Қазан 2015
Қазақстанда ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыратын заң қабылданды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР Заңы қабылданды.