Вице-министрдің айтуынша, Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы алдағы бес жылдық кезеңді қамтиды. «Жобаның бірінші бағытында инновациялар үшін ғылым базасын дамыту қарастырылады. Бұл бағыттың өзі екі бөліктен тұрады. Оның біріншісі - ғылыми топтарға арналған грант бағдарламасын қамтиды. Онда қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізу мен коммерцияландыру үшін жоғары сапалы жұмыстарды ынталандыру көзделеді. Яғни, осыларға арнайы гранттар бөлінеді. Екіншіден, PhD студенттеріне қолдау көрсетіледі. Бұның негізгі мақсаты шетелде жұмыс істейтін немесе оқып жүрген ғалымдар өзіміздің Қазақстандағы ғалымдармен бірігіп, ғылыми зерттеулер жүргізу бағытында PhD гранттары бөлінеді», - деді Т. Балықбаев.
Оның айтуынша, жоба аясындағы тағы бір бөлім инновациялық консорциумдар құруға қатысты. Бұған орай, ғылым, өндіріс және мемлекет мүмкіндіктерін біріктіріп арнайы консорциумдар қалыптастыру көзделеді. «Консорциумдардың негізгі мақсаты - ғылымның нәтижесін өндіріске енгізу. Біз бұл ретте инновациялық-индустриялық даму бағдарламасына қатысатын жоғары оқу орындары мен Назарбаев Университетінің базасында нарық пен өндірістің нақты сұранысына байланысты 10-15 шақты консорциумдар құрылады. Олар өндірістік, әлеуметтік, білім беру және денсаулық сақтау салаларын қамтиды», - деді Т. Балықбаев.