Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2030 жылға қарай 40%-ға жетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов Астанада өтіп жатқан «Жасыл энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» (GEWR’26) X Еуразиялық бизнес-форумында мәлімдеді.

Фото: Орал тұрғындарынан

Оның айтуынша, 2013 жылы елімізде коммуналдық қалдықтардың небәрі 1 пайызы ғана қайта өңделсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 30 пайызға жеткен.

— Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр, — деді Руслан Түкенов.

Оның мәліметінше, бүгінде еліміздің 123 қаласы мен ауданында қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген. Ал 87 елдімекенде қалдықтар сұрыпталады.

Руслан Түкеновтің айтуынша, 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта саланы дамытудың жаңа тәсілдері айқындалып, заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және айналым экономикасы қағидаттарын енгізу көзделген.

Сондай-ақ тұжырымдама аясында Қалдықтарды басқару ұлттық орталығы құрылды. Бұдан бөлек, қалдықтарды түгендеу, мемлекеттік кадастрды жаңарту және саланы цифрландыру жұмыстары басталды.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде қалдықтарды өңдеу саласында жалпы құны 316,9 млрд теңгені құрайтын 67 жоба мақұлданғанын хабарлаған еді.