Қазақстанда қанша этникалық неміс тұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссияның 22-ші отырысы өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Кезекті кездесу ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтың және Германия Федералдық үкіметінің қоныс аударушылар және ұлттық азшылықтар істері жөніндегі уәкілі Бернд Фабрициустың төрағалығымен өтті.

Комиссия отырысының күн тәртібіне білім беру, неміс тілін қолдау, мәдениет, ғылым, жастар саясаты, мұрағат ісі сияқты салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ іскерлік байланыстарды дамыту және виза режимін жеңілдету мәселелері енгізілді.

Келіссөздер барысында қазақстандық немістердің ұлттық бірегейлігін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Фото: ҚР СІМ

Тараптар Алматыдағы Қазақ-Неміс университетінің, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Неміс тілі мен мәдениеті орталығының, Алматы энергетика және байланыс университетінде Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті филиалының, Астанадағы Қазақ-Неміс орталығының, Ақтаудағы Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтының, Республикалық академиялық неміс драма театрының, немістілді «Deutsche Allgemeine Zeitung» газетінің және басқа да құрылымдардың екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан маңызды үлесін атап өтті.

— Қазақстан этникалық немістерді қоғамдық келісімді нығайтуға, мәдени әртүрлілікті дамытуға және халықаралық гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатын елдің біртұтас халқының ажырамас бөлігі ретінде қарастырады, — деп атап өтті Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Исетов.

Исетов әртүрлі ұлт өкілдерінің ортақ әлеуметтік-мәдени кеңістікте бейбіт қатар өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау Қазақстан Үкіметінің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.

Фото: ҚР СІМ

Өз кезегінде, Б.Фабрициус Германия Үкіметі Қазақстанда тұратын этникалық немістерді жан-жақты қолдауды жалғастыратынын растады.

— Қазақстандағы этникалық немістер «достық көпірі» ретінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай үлес қосады, ал Германия үкіметі осы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған күш-жігерді қолдайды, — деді ол.

Тараптар Қазақстандағы этникалық немістерді кешенді қолдау жөніндегі шараларды жоспарлы түрде жүзеге асыруды жалғастыруға келісті және бұл міндеттер кездесудің қорытындысы бойынша қол қойылған Коммюникеде бекітілді.

Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі Үкіметаралық комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының неміс ұлтын қолдау жөніндегі ынтымақтастық туралы 1996 жылғы 31 мамырда Алматы қаласында қол қойылған келісімге сәйкес құрылған.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 226 мың этникалық неміс, ал Германияда Қазақстаннан қоныс аударған шамамен 1 миллион неміс тұрады.

Осыдан бұрын былтыр немістер үйсіздерге көмектесу үшін рекордтық сома жинағанын жаздық.