Журналистер әлеуметтік желілерде тараған «Қазақстандағы газ қоры азайып бара жатыр» деген ақпаратқа қатысты сұрақ қойды.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары газ өндіру көлемі мен оған деген сұраныс қатар өсіп келеді. Бұған инвестициялық жобалардың іске асырылуы, елді мекендердің газдандырылуы және халық санының артуы әсер етіп жатыр.
— Қазіргі таңда газ өндірісі мен газға деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Себебі бізде инвестициялық жобалар іске асырылуда және газдандырылған өңірлер, халық тұрғындар саны да өсіп бара жатыр, — деді ол.
Оның айтуынша, QazaqGaz компаниясы бойынша барлау жұмыстарын жүргізу үшін 30 перспективалы кен орны айқындалған. Бұл учаскелерде алдымен геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, қор анықталған жағдайда өндіру кезеңіне көшіріледі.
Сонымен қатар вице-министр жаңа заң аясында QazaqGaz компаниясына газ өндіру жобалары бойынша басым құқық берілгенін атап өтті.
— Газ тапшылығының алдын алу және өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету мақсатында жаңа газ көздерін іздеу бойынша жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz ұлттық компанияларымен бірлесіп, жаңа кен орындарын игеру үшін жаңа келісімшарттар жасасу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді Энергетика вице-министрі.
Журналистің Қазақстандағы газ қоры қанша жылға жететіні туралы нақтылау сұрағына ведомство өкілі болжамды көрсеткіш ретінде 3,6 трлн текше метр көлемін атады.
Айта кетейік, Олжас Бектенов газ өңдеу зауыттарының құрылысын апта сайын бақылауды тапсырды.