Қазақстанда қанша проблемалық тұрғын үй нысаны қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құрылысы ұзаққа созылған проблемалық тұрғын үй нысандарының қалған 34-ін алдағы бір жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елде 34 проблемалық нысан қалған. Олардың басым бөлігіндегі жүйелі мәселелер шешілген, енді құрылысты аяқтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Министрлік атынан айтарым, қазіргі уақытта 34 проблемалық нысан қалды. Ондағы жүйелі мәселелердің барлығы дерлік шешілді. Жақын арада құрылысын аяқтаймыз. Бұл тұрғын үй құрылысына қатысты мәселе. Бір жылдың ішінде міндетті түрде аяқтаймыз, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің сөзінше, проблемалық нысандардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталып келеді. Орта есеппен ай сайын кемінде бір нысан пайдалануға беріледі немесе екі-үш ай ішінде аяқталады.

Айта кетейік, Нұрлыбек Нәлібаев қаражаттың қай салаларға бөлінетінін түсіндірген еді.