Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім бергендер саны артты

АСТАНА. KAZINFORM - Бұл туралы «Республикалық трансплантология және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының» директоры Айдар Ситказинов мәлімдеді.

Фото: Heart Center Foundation қоғамдық қоры

Оның айтуынша, 2023 жылы eGov порталындағы ерік білдіру тізілімінде қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім бергендердің саны шамамен екі мың болса, биылғы алты айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 16 мың 109 адамға жеткен.

– Бұл – қоғамның донорлыққа деген көзқарасы біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсететін жақсы үрдіс. Ақпараттандыру жұмыстарының нәтижесі де бар. Дегенмен бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Оған үкіметтік емес ұйымдар мен ағза трансплантациясынан өткен пациенттер де белсенді қатысуы тиіс, – деді Айдар Ситказинов.

Дегенмен оның сөзінше, қайтыс болғаннан кейін донор болудан бас тартқандар саны да аз емес.

– Бас тартқандардың саны да шамамен он есе өсті. Мәселен, eGov порталындағы ерік білдіру тізілімінде 156 174 адам донор болуға келіспеген. Бұл да азаматтардың өз еркі мен жеке шешімі, - деді Айдар Ситказинов.

Орталық басшысының айтуынша, ағза донорлығы мәселесін тек дәрігерлер көтермеуі керек. Медицина мамандары қоғамға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлық процестің ашық болуын қамтамасыз етуге тиіс. Ал бұл бастаманы қолдауға қоғамдық және пациенттік ұйымдар да атсалысуы қажет.

Сонымен қоса спикер бір қайтыс болған донордың бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Алайда қандай ағзаларды алуға болатыны туыстарының келісіміне байланысты.

– Бір донордан жеті ағзаға дейін алынуы мүмкін. Бірақ бұл жерде де туыстарының келісімі қажет. Олар тек жүректі немесе тек бүйректі алуға келісім беруі мүмкін. Егер барлық ағзасы сау болса, жүрек, екі бүйрек, бауыр, өкпе және көздің қасаң қабығы алынып, жеті адамға дейін көмек көрсетуге болады, – деді орталық басшысы.

Оның айтуынша, трансплантация кезегінде тұрған пациенттердің барлығы бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Олар мемлекеттік жәрдемақы алады және мемлекет тарапынан тұрақты қолдауды қажет етеді.

Еске салайық, елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.