- Келесі бағыт – дербес деректер мен аса маңызды цифрлық объектілерді қорғау. Дербес деректерге қол жеткізуді бақылау сервисіне 481 цифрлық жүйе қосылды. Барлық мемлекеттік жүйелер қамтылды. 100 пайыздық нысаналы көрсеткішке қол жеткізілді. Қаңтар–тамыз аралығында eGov-та 370 млн-нан астам сұрау өңделді. Келісімді кері қайтарып алудың 719 мың жағдайы тіркелді. Ал ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығына аса маңызды 432 цифрлық объектінің 130-ы ғана қосылған. Жыл соңына дейін тағы 86 объектіні қосып, қамтуды 50%-ға жеткізу қажет, - деді Ж.Мәдиев.
Осы орайда ол 2027 жылы қамтуды 70%-ға, ал 2028 жылы 90%-ға жеткізу көзделгенін айтты.
- Кибермәдениетті де дамытып жатырмыз. Қыркүйек киберқауіпсіздік айы деп жарияланды. Оқыту іс-шаралары, кездесулер және өңірлік форумдар өткізілді. Киберқауіпсіздік мамандарын даярлау үшін 12 жоғары оқу орнында гранттар бөлінген. 2030 жылға қарай гранттар санын шамамен 16,5 мыңға жеткізу жоспарланған, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұған дейін хабарланғандай, қалалық сервистерді басқару бойынша Астана тәжірибесі ел өңірлерінде енгізіледі.