Қазақстанда киіктерді қорғау туралы бөлек заң қабылдау ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат депутаттары қолға түскен браконьерлердің дүние-мүлкін толық тәркілеуді сұрады. Осы орайда олар Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің депутаттық сауалымызға өзек болып отырған Қазақстандағы ең түйткілді мәселенің бірі - киіктердің қырылуы. Қазақстанда 1920 жылдары киік аулауға тыйым салынған. Соның нәтижесінде 1960-шы жылдары олардың саны 2 милионнан асты. Бірақ, өкініштісі, сол киіктер қазір азайып барады. Сайын даламызды мекендеген ақбөкендердің саны 2018 жылы 200 мыңнан сәл ғана асты. Мұның себебі неде? Себебі, жазықсыз жануарларды қырып-жойып жатқан - адамдар. Елімізде браконьерлік қылмыс көз ілеспес жылдамдықпен өршіп барады. Халық арасында «мүйізді мафия» деп аталатын қанды қылмыстың көрігі қызып тұр. Ақшаға құнығып алған браконьерлер жүздеген киікті азаптап, мүйізі мен тұяғын кесіп алып, далаға лақтырып кетіп жатыр. Киіктің мүйізінің бір келісі 200 мың теңгеден жоғары бағаға сатылып, Қытайдың базарында 3,5 - 5 мың АҚШ долларына дейін қымбаттайды. Киелі аңның мүйізі дәрілік шикізат ретінде шығыс медицинасында бұрыннан қолданылады. Ал еліміздің заңнамасында бір киікті атқан адамға бар-жоғы 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - деді Сенат депутаты Әлімжан Құртаев.

Осы орайда заңнамада браконьерді қуған инспектор тиісті деңгейде қорғалмағанын атап өтті.

«Мысалы, браконьерлер автокөлік жолына шығып қашса, қууға, тоқтатуға, оқ атуға құқығы жоқ. Екіншіден, инспекторларға қару қолдануға тыйым салынған. Тек өміріне қауіп төніп, браконьер өзіне оқ атқанда ғана атуына болады. Үшіншіден, инспектор күдіктінің қаруын тартып алып, көлігін де тексере алмайды. Мұндай олқылықтар браконьерлерге қылмысын жасыруға мүмкіндік беруде. Көп жағдайда браконьерлер құқық қорғаушылармен, инспекторлармен ауыз жаласып, «мүйізді мафияның» бизнесін дамытуда. Қазақ халқының қаһарман ұлы, «Охотзоопромның» инспекторы, марқұм Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлердің қолынан қаза табуы осы саладағы көп былықтың бетін ашып берді», - деді сенатор.

Оның пайымынша, соттар әдеттегідей заң бұзушыларға жұмсақ жаза берумен шектеледі. Браконьерлердің көлігі мен қаруын кәмпескелеуге шешім шығармайды. Мұны пайдаланған браконьерлер қылмысын жалғастыра береді.

«Қазақстанда киіктерді қорғау туралы жаңа, бөлек заң қабылдауымыз керек. Сол заңда киік атқан, киелі жануарлардың өміріне қауіп төндірген адамдарды қатаң жазалайтын жаңа бап енгізілуі тиіс. Бүгінгі заңымыздағы киік атқан адамға 300 АЕК көлемінде айыппұл салу, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы өте жеңіл. Екіншіден, браконьерлермен ауыз жаласқан табиғат инспекторларын, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қатаң жазалайтын бап керек.

Елімізде киік атуға мүлдем тыйым салып, оның мүйізі мен тұяғын экспорттау қылмысына толықтай тосқауыл қою үшін мәңгілік мораторий жариялағанымыз абзал. Киік атып, қолға түскен адамның дүние-мүлкін толық кәмпескелеу - ең қатал жазалардың бірі болмақ», - деді Ә. Құртаев.

Оның сөзіне қарағанда, киіктерді қорғау мақсатында Қазақстанда Ұлттық парк ашу керек. Бұл паркті Қорғалжын-Теңіз алабында ұйымдастыруға зор мүмкіндіктер бар. Ол үшін бақтың айналасын қоршап, киіктерді көздің қарашығындай сақтайтын мамандар даярлайтын орталықтар ашылғаны жөн. Мұндай бақ Қорғалжын көліндегі саны азайып бара жатқан қоқиқаздарды да сақтауға септігін тигізеді.

«Көп жағдайда браконьерлер сенімхат негізіндегі көліктермен киелі жануарларды аулауға шығады. Бұл жерде браконьерлер ұсталған жағдайда кейіннен қылмыс жасалған көлік иесіне қайтарылады. Қылмыс үстінде ұсталған браконьерлердің барлық заттарын, оның ішінде көлікті де қоса кәмпескелеу мәселесін қарастыру жөн болар еді», - деді сенатор.