Оның айтуынша, былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология министрлігі киік етін өңдеуге бағытталған бастамаларды қолға алды. Кейіннен бұл іске ірі кәсіпорындар да қосылды.
Назгүл Хатепова мысал ретінде Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Кублей» компаниясын атап өтті. Былтыр аталған кәсіпорын киік етін өңдеумен айналысып, дайын өнімдерді ішкі нарықта сата бастады.
Алайда, сұраныстың төмендеуіне байланысты биыл өңдеу көлемін азайтуға тура келді. Бұл жағдай өңірлерде өңдеу қызметін одан әрі кеңейтуге де әсер етті.
— Ішкі нарықтағы сұранысқа қатысты мәселе бар. Сұраныстың төмендеуі себепті биыл өңдеу көлемі қысқартылды. Қазіргі кезде Ұлытау облысында киік етін өңдейтін бір кәсіпорын бар, — деді Назгүл Хатепова Құрылтайда өткен брифингіде.
Сонымен қатар тілшілер басқа өңірлерде киік етін өңдеу ісін дамыту жоспары бар-жоғын сұрады. Өз кезегінде вице-министр бәрі сұранысқа байланысты екенін атап өтті.
Бұған дейін мемлекеттік ұйымдар киік еті өнімдерін сатып алатынын жазған едік.