Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Адам өлтіргендері үшін 17 жыл бойы іздеуде жүрген ағалы-інілі екі азамат Ресей Федерациясында қолға түсті. 44 және 41 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Кемерово облысының Тайга қаласында бой тасалаған. Оларды ұстау шарасына облыстық ІІД-нің тергеу тобы қатысты», - деді ол.
Ресми өкілдің атап өтуінше, іздеу жарияланған азаматтардың Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Белые Воды елді мекеніндегі 1996 жылғы жаңа жыл түнінде төбелес барысында орын алған адам өліміне қатысы бар екендігі анықталды. Сол уақытта олар бұзақылық әрекетке барып, бірнеше ауыл тұрғынын соққыға жыққан. Жарақат салдарынан ауыл тұрғындарының бірі көз жұмған.
«Қазіргі таңда ұсталғандарды экстрадициялау мәселелері шешілуде», - деді Н.Ораз.