Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрмыстық қылмыстың жиі әрі күрделі себептері маскүнемдік пен нашақорлыққа қатысты болып отыр. Өкінішке қарай, тек өткен жылы алкогольдік мас күйінде жасалған қылмыстар саны 13 пайызға артып, 20 мыңға жетті»,-деді Қасымов.
Оның сөзіне қарағанда, осындай қылмыстар санының Маңғыстау облысында - 75 пайызға, Алматы, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 50 пайызға жоғарылауы тіркелді. Адамдар мастықпен қылмыстардың әрбір бесіншісін, кісі өлтірудің жартысына жуығын, сондай-ақ барлық отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың 60 пайыздан астамын жасайды.
ҚР ІІМ басшысының мәліметінше, бүгінде полиция назарына 71 мыңға жуық маскүнем іліккен, оның 10 мыңнам астамы әйелдер болса, 300-і кәмелетке толмағандар. Былтыр қоғамдық орындарда мас күйінде 193 мың адам ұсталды, бұл көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 3 пайызға көп.
Белгілі болғандай, өткен жылы елімізде 348 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, оның 26 мыңы ауыр, аса ауыр қылмыстар. Мұнымен қоса, 853 қасақана кісі өлтіру жағдайы орын алды.