Қазақстанда қызылша жұқтырғандардың саны 11,5 есе азайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қызылшаға қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті.
— Қазіргі кезде қызылша бойынша елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтануда. Осы жылдың 7 айында қызылша жұқтырудың 2462 жағдайы тіркелді. Былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда, сырқаттану көрсеткіші 11,4 есеге төмендеді (2024 жылғы 7 айда — 27 760 жағдай). Науқастардың 75 пайызы вакцина егілмеген балалар мен егу мәртебесі белгісіз адамдарға тиесілі. Қызылшаны жұқтырудың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп жатыр, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Оның ішінде профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесі аясында жоспарлы вакцинациялау (қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациядан 1 жастағы 194 мың бала және 6 жастағы 197 мың бала егілді), бұрын вакцинацияны өткізіп алған 18 жасқа дейінгі балаларға толықтыра вакцинациялау (180 мыңнан астам адам қамтылды) жасалып отыр.
Еске салсақ, Алматыда қызылша жұқтырғандардың саны 13 есе азайғанын жазған едік.