Қазақстанда көлік қозғалысындағы кемшіліктер үшін 1,2 мың лауазым иесі жазаланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл көлік жолдарындағы кемшіліктер үшін 1,2 мың лауазым иелері жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы «ҚазАқпаратқа» ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінен хабарланды.

«Жобалау-техникалық құжаттаманы келісу кезінде біз көшелер мен жол желісінің өткізу қабілеттілігіне, тұрақтардың, жаяу жүргіншілерге арналған өтпелі жолдардың және өзге инженерлік шешімдердің болуына назар аударамыз. Олар жол қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Әкімшілік полиция автомобиль жолдары мен көшелер желісін тексеруді ұдайы жүргізеді. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға жол қозғалысын жетілдіру, апаттық қауіпті учаскелерді жою, жол жүрісін реттеудің заманауи техникалық құралдарын енгізу жөніндегі ұсыныстармен ақпарат жолданады»,-дейді департаменті мамандары. 

Атап айтқанда, 2015 жылы 330 мың шақырым жолды қамти отырып, автомобиль жолдары мен көше желесіне 14 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Бұл ретте жолдарды күтіп ұстауда  анықталған кемшіліктерді жою бойынша 12 мыңнан астам нұсқама берілді, сондай-ақ жол және коммуналдық қызметтердің 1 579 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«2016 жылдың 8 айында 240 мың шақырым жолды қамтып, көлік жолдары мен көше-жол желісіне 10,7 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 9,2 мыңнан астам нұсқама берілді, 1218 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жол желісі мен автомобиль жолдарын салу, күтіп ұстау мәселелері тікелей ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетінің (халықаралық және республикалық жолдар бойынша) және жергілікті атқарушы органдардың (жергілікті маңыздағы жолдар) құзыретінде»,-деп хабарланды ведомстводан.