Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Жаһандық қатынастар және ынтымақтастық жөніндегі директораты Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон Азиядағы орнықты инфрақұрылым бағдарламасы (SIPA) аясындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында тараптар климаттық саясат, декарбонизация, шығарындылар саудасы жүйесін дамыту, көміртекке баға белгілеу, сондай-ақ трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі мәселелерін қарастырды.
— Біз ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықты климат, қоршаған ортаны қорғау, орнықты даму және жасыл экономика салаларында мемлекеттік саясаттың заманауи стандарттарын енгізуге арналған маңызды алаң ретінде жоғары бағалаймыз. Біз үшін Ұйымның климаттың өзгеруіне бейімделу, орнықты инфрақұрылымды дамыту және экологиялық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша сараптамалық қолдауы ерекше маңызды, — деп атап өтті Ә. Қуантыров.
Министр сондай-ақ Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы 2027–2030 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарының жобасы шеңберінде циркулярлық экономика саласындағы ынтымақтастықты дамытуды, атап айтқанда, ҚТҚ-ны қайта өңдеу жобаларын іске асыру, экологиялық туризмді дамыту, қоғамдық тыңдаулар өткізу және Каспий теңізінің таяздануы мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
«Су, энергетика және жер ресурстарының өзара байланысы» (Nexus) жобасына ерекше назар аударылды. Оны іске асыру Қазақстан Республикасының 2024–2030 жылдарға арналған «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының мақсаттарына қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Тараптар сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) дамыту аясында инфрақұрылымның климаттық және экологиялық орнықтылығы мәселелерін талқылады.
Дәліздің экологиялық және климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан жағалаудағы 50 нүктеде теңіз суының сапасы мен гидрохимиялық көрсеткіштерге тұрақты мониторинг жүргізеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ЭЫДҰ-мен сындарлы әрі нәтижелі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміт білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығын көздейтінін жаздық.