Стат бюроның мәліметінше, биылғы жылғы қаңтар-қыркүйекте құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 11,5%-ға ұлғайып, 7 812,3 млрд теңгені құраған. Өсім ғимараттар мен құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстары көлемінің 14,7%-ға артуына байланысты болды. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде жеке құрылыс ұйымдарының үлесі 89%, шетелдік ұйымдардың үлесі 10,3%, мемлекеттік ұйымдардың үлесі 0,7% құрады.
Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі автомобиль және теміржолдар мен метро салуға бағытталған. Бұл саланың жалпы көлеміндегі үлесі 25%-ды құрайды. Тұрғын емес ғимараттар құрылысының үлесі – 21,5%, ал тұрғын үйлер құрылысы 12,6%-ды құрады.
Өңірлік бөліністе республиканың 17 өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында (2,4 есе), Қызылорда облысында (31,5%), Шымкент қаласында (25,4%), Атырау облысында (22,2%), Павлодар облысында (18,8%), Алматы қаласында (18,1%), Түркістан облысында (17%), Шығыс Қазақстан облысында (15,2%), Ақтөбе облысында (12,3%), Абай облысында (11,5%), Алматы облысында (11%) және Астана қаласында (11,1%) тіркелді.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы алаңы 16 348,9 мың шаршы метрді құрады.
Пайдалануға берілген тұрғын үйдің ауданы 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 2,7%-ға ұлғайып, 13 197,7 мың шаршы метрді құрады. Оның ішінде 8561,5мың шаршы метр – көп пәтерлі және 4 592,2мың шаршы метр – жеке үйлер.
Айта кетейік, Қазақстанда тұрғын үй сапасының бірыңғай стандартын енгізу ұсынылды.