Қазақстанда «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы» атты интернет-портал жұмыс істейтін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ішкі істер органдары жұмысының ашықтығы мен қоғам тарапынан қадағалануын күшейту мақсатында 2016 жылдың соңында «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы» атты интернет-портал ашылмақ.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Сәуле Айтпаева мәлім етті.

Жобаны толық іске асыру мақсатында 8 моноқалалар мен 250 аудандық орталықтар кіргізілмек. Картаға барлық ірі елді мекендер енетін болады. Осылайша, біз Қазақстан Президентінің 32 қадамын орындау бойынша кешенді ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралардан кейін аталған интернет-порталды 2016 жылдың соңына қарай іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, портал азаматтар үшін және құқық қорғау органдары үшін ашық және жабық бөлімдерден тұрады. Ашық бөлімінде белгілі бір аймақта, белгілі бір уақытта болған ауырлығы әртүрлі қылмыстар туралы ақпараттар болады. Сонымен қатар, кез келген азамат өзінің тұрып жатқан жердің радиусын белгілеп, карта арқылы осы ауданда тіркелген құқық бұзушылықтар туралы ақпараттарды біле алады.

Жабық бөлімде полиция пунктері, жылжымалы бекеттер мен камералар туралы ақпараттар көрсетіліп отырады. Полиция бөлімшесінің жетекшісі өзінің құзырындағы ауданды онлайн-режимде бақылайды. Сол арқылы ол қылмыстың ең көп жасалатын орындарына күштерді тиімді орналастыруға мүмкіндік алмақ.

«Тіркелген қылмыстар туралы барлық мәліметтер «Қылмыс картасында» көрініс тауып отырады. Ол ҚР Бас прокуратурасының сайтында «Ақпараттық қызметтер» бөлімінде орналасқан», - деп атап өтті ҚР Бас прокуратурасының өкілі.