Қазақстанда локомотив паркі 72 жаңа техникамен толықты

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері ҚТЖ локомотив паркі 72 бірлік жаңа тарту техникасымен толықты. Wabtec және CRRC компанияларының магистральдық тепловоздары, Alstom электровоздары, сондай-ақ CRRC маневрлік тепловоздары пайдалануға берілді.

Фото: ҚТЖ

Қазіргі заманғы локомотивтер Астана, Қызылорда, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Мақат, Екібастұз, Жем және Балқаштың локомотив пайдалану деполарына бөлінген.

— Локомотив паркін жаңарту пойыздар қозғалысының қауіпсіздік деңгейін арттыруға, жылжымалы құрамның пайдалану сипаттамаларын жақсартуға және локомотив бригадалары үшін неғұрлым қолайлы еңбек жағдайларын жасауға мүмкіндік берді. Жаңа локомотивтер заманауи микропроцессорлық басқару жүйелерімен, «Борт» жүйесімен, бейнебақылау құралдарымен, сондай-ақ тасымалдау процесінің сенімділігі мен тиімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін заманауи радиобайланыс кешендерімен жабдықталған, — делінген ұлттық компанияның хабарламасында.

Пайдалануға берілмес бұрын барлық техника кешенді түрде зертханалық және техникалық сынақтардан өткізілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан темір жолы алаңында теміржол вокзалдарын жаңғыртуды үйлестіру және жеделдету жөніндегі жедел штаб құрылғанын жаздық. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, техникалық және авторлық қадағалаудың, мердігерлік ұйымдардың және компанияның бейіндік бөлімшелерінің өкілдері кірді.