Қазақстанда мал шаруашылығын ғылым арқылы дамыту көзделіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада Nazarbayev University-дің Onergy Creative Hub кеңістігінде өткен «Ғылым мен индустрия диалогы» атты дөңгелек үстел аясында Қазақстанның мал шаруашылығы саласын ғылым мен инновация арқылы дамытуға бағытталған маңызды келісімге қол қойылды. Сарапшылар бұл бастаманы агросектордағы ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтетін жаңа кезең ретінде бағалап отыр.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы

Ғылым мен өндіріс тоғысқан келісім

Іс-шара қорытындысы бойынша, төрт ұйым, атап айтқанда NU Impact Foundation, «Turan» Қазақстан мал өсірушілер қауымдастығы, «Асыл-Түлік» АҚ және National Laboratory Astana ұйымдары өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Келісім биотехнология және генетика, репродукция мен асыл тұқымды іс, салалық стандарттарды әзірлеу, агросекторға инвестиция тарту және бірлесіп кадр даярлау бағыттарын қамтиды. Соның ішінде, әсіресе ірі қара малдың репродуктивті биоматериалдарын ел ішінде өндіруге назар аударылып отыр.

Мамандар бұл саланың импортқа тәуелділігін төмендетеді, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретінін айтып отыр.

Ғылымды практикамен ұштастыру – негізгі міндет

NU Impact Foundation басқарма төрағасы Саят Нюсупов бұл бастаманың мәнін ғылымды нақты өндіріс қажеттіліктерімен ұштастыру деп атап өтті:

– Біз үшін университет зертханаларының шеңберінен шығып, жергілікті жерлердегі жағдайды өз көзімізбен көру өте маңызды болды. Дәл осы себепті Nazarbayev University экожүйесінің өкілдері Dala.Camp экспедициясына қатысты. Қазақстанда қазірдің өзінде әлеуеті жоғары, мықты шаруашылықтар бар. Nazarbayev University мен NU Impact Foundation-ның міндеті — ғылымды практикаға ұштастыру. Бүгін біз қол қойып отырған келісім дәл осы мақсатты көздейді. Биотехнология, генетика, асыл тұқымды іс, кадрларды даярлау — мұның бәрі біздің экожүйеміздің ішінде бар. Енді біз осы мүмкіндіктерді шынайы қажет ететін жерлерде қолдану жауапкершілігін өз мойнымызға аламыз», — деді ол.

«Dala.Camp» экспедициясы: саладағы ахуалға шолу

Келісімнің жасалуына негіз болған негізгі бастамалардың бірі — 1–16 мамыр аралығында өткен «Dala.Camp» ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы. 16 күн ішінде қатысушылар 7500 шақырымнан астам жол жүріп, еліміздің 12-ден астам өңіріндегі шаруашылықтарды аралап, саланың шынайы сын-қатерлері мен проблемаларын зерттеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция барысында саладағы нақты жағдайға талдау жасалып, бірқатар жүйелі мәселе анықталған. Атап айтқанда, шағын фермерлік шаруашылықтардың басым бөлігі заманауи технологиялар мен ғылыми әзірлемелерден тыс қалып отырғаны, сондай-ақ мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпараттың жеткіліксіздігі белгілі болған. Сонымен қатар елімізде халықаралық нарыққа шығуға дайын, жоғары экспорттық әлеуеті бар шаруашылықтардың бар екені де анықталған.

Саланы жаңғыртуға басымдық берілмек

Кездесуде таныстырылған талдамалық есепте Қазақстандағы ет мал шаруашылығын жүйелі түрде жаңғырту қажеттігі көтерілді. Мамандардың айтуынша, салада технологиялық шешімдерді енгізу, генетикалық жұмыстарды күшейту және ғылыми сүйемелдеуді арттыру маңызды.

Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспармен де байланысты. Құжатта өндіріс тиімділігін арттыру, экспорт көлемін ұлғайту және қолдау шараларын кеңейту көзделген.

Мал шаруашылығы туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Жоба қорытындысы бойынша мал шаруашылығы туралы деректі фильм әзірленіп жатыр. «Turan» мал өсірушілер қауымдастығының басқарма төрағасы және «Dala.Camp» қоғамдастығының негізін қалаушы Жәнібек Кенжебаев бұл жобаның мақсатын атап өтті.

– Бұл фильм — Қазақстан бойынша саяхат туралы жай ғана оқиға емес. Біз үшін бұл елімізді жерде өмір сүріп, еңбек етіп жатқан адамдар арқылы, шаруашылықтар мен кәсіпорындар, бүгінде саланың болашағы қалыптасып жатқан шағын ауылдар мен тұтас өңірлер арқылы көрсетуге деген талпыныс. Фильм мал шаруашылығының барлық тізбегіне — жем-шөп өндірісі, генетика мен репродукциядан бастап, бордақылау, қайта өңдеу және дайын өнімге дейінгі кезеңдерге арналады. Фермерлердің, ғалымдардың, кәсіпкерлер мен сала қызметкерлерінің шынайы оқиғалары арқылы біз мал шаруашылығындағы құндылықтардың, жұмыс орындарының және тұтас аймақтар экономикасының қалай құрылатынын көрсеткіміз келеді, — деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта әзірленген контент шетелдік нарықтарға бейімделіп, халықаралық деңгейде таныстырылмақ. Сарапшылар бұл қадам Қазақстанның аграрлық ғылымын жаңа деңгейге шығарып, елдің мал шаруашылығы әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік береді деп отыр.

Бұған дейін Қазақстанның мал шаруашылығы мен агротехнология саласында Аргентина және Бразилиямен әріптестікті нығайтқаны жайлы жаздық.