Жаңа стандарттар оқушыларды профилактикалық тексеруден өткізу сапасын арттыруға бағытталған. Ол медициналық тексерулерді цифрландыруды, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етуді және орта буын медицина қызметкерлерін оқытуды көздейді.
– Бүгінде профилактикалық тексерулерді жай ғана өткізу емес, олардың жоғары сапасын қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін медицина қызметкерлерін жаңа тәсілдерге оқытып, оларды заманауи диагностикалық құралдармен қамтамасыз ету қажет, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Жалпы балаларға хирургия, офтальмология, оториноларингология және стоматология бағыттары бойынша профилактикалық тексеру жүргізуге қатысатын 2054 мейіргерді оқыту жоспарланып отыр.
Министрлік мамандарды даярлау барысына апта сайын мониторинг жүргізіп, өңірлерді бұл бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырды.
– Мектеп оқушыларына сапалы профилактикалық тексерулер жүргізу үшін медициналық ұйымдарға 900-ден астам жабдық жиынтығы қажет болады, – деп атап өтті ведомстводан.
Айта кетейік, бала дамуындағы кідірістерді ерте анықтайтын орталықтар саны 386-дан асты.