Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 3,85 трлн теңгенің жобалары іске асырылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жалпы құны 3,85 трлн теңгеден асатын 1 445 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобасы бар, деп хабарлады Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы.

Фото: Pexels

Орталықтың мәліметінше, жобалардың жалпы құнының жартысына жуығы көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына тиесілі.

Жобалардың құны бойынша көлік және инфрақұрылым саласы бірінші орында тұр. Бұл бағытта жалпы құны 972 млрд теңге болатын 36 жоба іске асырылып жатыр.

Олар автомобиль және теміржолдарды, көпірлер мен жолаушылар терминалдарын салу және пайдалану, автобус парктерін жаңарту, жол ақысын электрондық төлеу және қоғамдық көлік қозғалысын диспетчерлік басқару жүйелерін енгізу жұмыстарын қамтиды.

Ірі жобалардың қатарында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ), «Нұр жолы» автомобиль өткізу пункті, «Шар – Өскемен» теміржол желісі, Маңғыстау облысындағы халықаралық әуежайдың жолаушылар терминалы және Ақмола облысындағы автобус парктерін жаңарту жобалары бар.

Екінші орында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы тұр. Мұнда жалпы құны 893,5 млрд теңге болатын 173 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұл бағытта электр беру желілері, газ тарату желілері мен қазандықтарды салу және пайдалану, көшелерді жарықтандыру жүйелерін жаңғырту, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу нысандарын құру көзделген.

Атап айтқанда, «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» өңіраралық электр беру желісін салу және пайдалану, Ақмола облысындағы қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кешендерін құру, көшелерді жарықтандыру жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ Алматы облысындағы автономды газ қазандықтарын салу және оларға сервистік қызмет көрсету жобалары бар.

– МЖӘ инфрақұрылымды дамыту міндеттерін шешу үшін мемлекет пен бизнестің ресурстарын біріктіруге мүмкіндік береді. Мұндай әріптестіктің басты нәтижесі – халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, – деді Қазақстандық МЖӘ орталығының Басқарма төрағасы Руслан Хамбаров.

Жалпы, көлік инфрақұрылымы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына құны шамамен 1,9 трлн теңгені құрайтын 209 жоба тиесілі. Бұл еліміздегі барлық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының жалпы құнының 48,4%-ын құрайды.

Орталық мамандары мұндай жобалардың ауқымды қаржы салымдарын қажет ететінін құрылыс жұмыстарының көлемімен, инженерлік желілерді, көлік инфрақұрылымы мен коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңарту қажеттілігімен байланыстырады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 3 трлн теңгеден асатын 1300 келісім жасалғаны хабарланған еді. Бұл мәлімет 2026 жылғы шілдеде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға арналған халықаралық инвестициялық диалогта жарияланған болатын.