Қазақстанда некеге тұру үшін қай айлар жиі таңдалады

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы тоғыз айда Қазақстанда 84 мыңнан астам неке тіркелді. Ресми статистика қазақстандықтардың отбасын құру үшін қай айларды жиі таңдайтынын көрсетті. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлім етті.

Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы

Корпорацияның мәліметінше, некенің ең көбі Алматы қаласында тіркелсе, екінші орында — Астана қаласы, ал үздік үштікті Түркістан облысы түйіндейді. 

Ал отбасылық өмірді бастау үшін қазақстандықтар жиі маусым айын таңдаған екен. Осы айда 15 192 неке тіркелген.

Екінші орында тамыз айы тұр. Бұл айда 11 761 жұп некесін қидырған.

Үшінші орынға шілде айы жайғасқан. Осы кезеңде 11 674 неке тіркелген.

Ал қыркүйек айында 9 855 жұп отбасын құрса, сәуірде 8 001 неке тіркелген.

    Бұған дейін Қазақстанда неке саны бойынша Алматы көш бастағанын жаздық.