Қазақстанда өзге ұлттың 93 мың баласы қазақ тілінде білім алып жүр

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда балабақшалардың 70 пайызы мемлекеттік тілде білім береді.

Бүгін Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан Қазақстан Республикасы филологтарының I съезінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай айтты.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2000 жылы бұл көрсеткіш 25 пайыз болған. «Қазір ол 70 пайызға дейін өсіп отыр. Қазақ тілді балабақшаларда барлық балалардың 53 пайызы білім алады. Атап өтер тағы бір жәйт, өзге ұлт өкілдерінің 93 мың бүлдіршіні қазақ тілді балабақшаларға барып жүр», - дейді Б.Жұмағұлов. Тәуелсіздік жылдары ішінде қазақ тілді мектептердің саны 1 мыңға көбейіп, 3819-ға дейін жетті. Онда барлық оқушылардың 64,5 пайызы білім алады.