Қазақстанда пранк ұйымдастыруға ресми түрде тыйым салына ма
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бүгінде рұқсатсыз түсірілімдер мен пранктерге қатысты шағымдар көбейгенін айтты.
- Пранктер бар, сондай-ақ адамдардың рұқсатынсыз жүзеге асырылатын кейбір түсірілімдер бар. Сондықтан бұл норманы баршамыз талқылайтын боламыз. Жұмыс тобы енді ғана құрылып жатыр. Егер қаласаңыздар, сіздерді жұмыс тобына қоса аламын. Бұл тұрғыда, кімді түсіруге болатынын немесе түсіруге болмайтыны айқындалады, - деді А. Балаева Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бүгінде қазақстандықтардан пранктерге қатысты шағымдар да түсіп жатыр.
Сонымен бірге журналистер «мұндай тыйым шенеуніктерді қорғаудың тәсілі емес пе?» деп сұрады.
- Шенеуніктер түсірілімдерге үйреніп алған. Қайда барсақ та, бізді барлық жерде видеоға түсіреді... Сондықтан мәселе нақты шенеуніктер туралы емес, яғни жалпы осы бағытты ретке келтіруге қатысты. Осы орайда талқылау керек. Бұл ретте, жұмыс тобын құрып жатырмыз. Атап айтқанда, журналистерден де, қарапайым азаматтардан келіп түскен өтінімдер мен сұрақтарды талқылаймыз, - деді министр.
Еске салсақ, таяуда Қытай мен Өзбекстанның қоғамдық орындарында бейтаныс жігіттердің аяқ-қолынан ұстап, пранк түсірген блогер қыздың әрекеті халық арасында қызу талқыланды. Тиісінше, Аружан Айбековаға қатысты әкімшілік жаза қабылданды. Осы орайда Kazinform тілшісі даулы видео авторымен сұхбат құрып, блогерден мұндай қадамға не үшін барғанын сұрап көрді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде жыл басынан бері пранк жасағаны үшін 20-дан астам адам жауапқа тартылған. Мұндай контент түсірер алдында нені білу керек? Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған заңгер Абзал Бекбосынов осы сұраққа жауап берген еді.