Қазақстанда «Пробация туралы» заң жобасы 20 маусымда жасақталмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Пробация туралы» заң жобасы 20 маусымда жасақталмақ. Бұл туралы бүгін аталмыш заң жобасын тұжырымдамасына ұсыныстар жасақтау сарапшылық топтың отырысында мәлім болды.

Басқосу негізінен Елбасы айқындаған Ұлт жоспарының 33-ші қадамында «Пробация туралы» заң жобасын жасақтау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мәселелеріне арналды.

Еске салайық, Қазақстанда пробация қызметі 2012 жылғы ақпан айында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне пробация қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заңына сәйкес енгізілген болатын. Ал жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерінде сотталғандардың бостандығын шектеуге, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға қатысты пробациялық бақылау белгілеу және сот оларға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеген босатылған адамдардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсету көзделген.

Әлемдік тәжірибеде пробацияның төрт (сотқа дейінгі, шарттық-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық) сатысының бар екендігін атап өту керек. Бүгінгі күні Қазақстанда пробацияның шарттық-үкімдік және постпенитенциарлық сатысы жұмыс істейді. Аталған шара барысында Қазақстандағы пробация институтын дамытудың перспективасы талқыланып, негізінен пробацияның барлық сатысы көзделетін «Пробация туралы» дербес заңды әзірлеу мәселелер көтерілді.

«Елімізде сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробацияны енгізу көзделуде. Сондықтан «Пробация туралы» заң жобасын жасау барысында сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробацияның басты элементтерін жасақтап шығу қажет», - деп атап өтті ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев. - Біз тұжырымдама жобасын жасадық. Сондықтан, құрметті сарапшылар, аталған жобаны 1 мамырға дейін зерттеп, өз ұсыныстарыңызды енгізіңіздер. Біз сонымен қатар 20 маусымға дейін «Пробация туралы» заң жобасын жасақтап, тұжырымдамамен бірге Әділет министрлігіне жолдауға тиіспіз».