Елде салынып жатқан үш әуежайдың құны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен брифингте Қазақстанда салынып жатқан үш жаңа әуежай құрылысына қанша қаражат бөлінгенін айтты.

Фото: ШҚО әкімдігі

Вице-премьердің айтуынша, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Катонқарағай аудандарында және Маңғыстау облысының Кендірлі аймағында жаңа әуежайлар салынып жатыр.

— Бұл әуежайлардың құрылысы 2024 жылы басталды. Зайсандағы әуежай құрылысына шамамен 68 млрд теңге, Кендірлідегі әуежайға — 69 млрд теңге, ал Катонқарағайдағы әуежайға — 89 млрд теңге қарастырылған, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Вице-премьер құрылыс алаңдарына өзі барып, жұмыс барысымен танысқанын атап өтті. Қазір нысандардың құрылысы облыс әкімдері күнделікті бақылап отыр.

— Жыл соңына дейін Зайсан ауданындағы әуежай құрылысын толық аяқтаймыз. Қатонқарағайдағы әуежайды келер жылдың ақпан айында халық игілігіне беруді жоспарлап отырмыз. Кендірлідегі әуежай құрылысын да биыл жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға береміз, — дейді спикер.

Сонымен бірге Нәлібаев құрылыс жұмыстары біткен соң, қажетті құжаттарды рәсімдеп, тиісті лицензиялар алу керектігін айтты.

Осыған байланысты жаңа әуежайлар жолаушылар мен әуе кемелеріне 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында қызмет көрсете бастайды.

Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев биыл қандай жолдар ашылатынын айтқан еді.

Сондай-ақ Алматыдан Токиоға тікелей рейс ашылып, Вена, Нью-Йорк және Милан бағыттары бойынша әуе қатынасы жолға қойылады.