Токио, Вена, Нью-Йорк: Қазақстаннан әуе қатынасы кеңейеді
АСТАНА. KAZINFORM — Жақында Алматыдан Токиоға тікелей рейс ашылып, Вена, Нью-Йорк және Милан бағыттары бойынша әуе қатынасы жолға қойылады. Сонымен бірге, елде үш жаңа әуежай салынып, қолданыстағы әуе айлақтары жаңғыртылып жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев айтып берді.
Вице-премьердің айтуынша, әуе транзиттік әлеуетті арттыру үшін ұшу-қону жолақтары мен терминалдар жөнделіп, жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
— Қазір Алматы және Үржар әуежайлары жаңғыртылып, Шымкентте екінші ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Биыл тамыз айында Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылып, Арқалық әуежайы ашылды. Мемлекет басшымыздың тапсырмасы бойынша Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш әуежай салынып жатыр. Олардың құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады, — деді Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Биыл 30 қарашада Алматы-Токио бағытында бірінші әуе рейсі ашылады. Ал келер жылы Вена, Нью-Йорк, Милан және басқа да жаңа әуе бағыттары ашылады.
— Негізгі авиациялық хабтар айқындалды. Бұл хабтарда арнайы экономикалық аймақтар режимі енгізіліп, жанармай құю кешендері мен жүк терминалдары жаңғыртылуда, мультимодальды тасымалдау қағидаттарына сәйкес теміржол және автомобиль жолдары тартылуда. Аэронавигациялық қамтамасыз ету жүйесін озық халықаралық жабдықтар мен стандарттар негізінде жаңғырту басталды, — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Сонымен бірге, ұлттық жүк әуе тасымалдаушысы — «Эйр-Карго» құрылды. Компанияның алғашқы әуе кемесі осы жылдың қараша айында, ал екіншісі наурыз айында жеткізіледі. Әуе кемелері паркінің жалпы саны 10 жүк ұшағын құрайды.
Көлік саласын толық цифрландыру мақсатында «Е-Көлік» бірыңғай зияткерлік платформасының негізінде ақпараттық жүйелер интеграциялануда. Аталған платформа арқылы қағазсыз құжат айналымына толық көшу, құжаттарды ресімдеу мерзімдерін қысқарту және жүк ағындарының ашықтығын арттыру қамтамасыз етіледі.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев «Ауқымды құрылыс» қаражатының нақты қай салаларға бөлінетінін айтып берді.
Еуразияның көлік-логистика хабы атану үшін жүк тасымалдаушыларға жағдай жасалады.