Еуразияның көлік-логистика хабы атану үшін жүк тасымалдаушыларға жағдай жасалады — Н. Нәлібаев

АСТАНА. KAZINFORM — Жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып, халықаралық автодәліздер бойындағы сервистік инфрақұрылым дамиды. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев баяндады.

Жүк тасымалдау
Фото: Kazinform/ЖИ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жөнінде нақты мақсат қойған еді.

— Біз көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық береміз. Қазіргі уақытта 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оларды келесі жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін шекарадан бастап халықаралық автодәліздердің бүкіл бағыттары бойынша — жол бойындағы инфрақұрылым дамытылады, — деді деді Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Бүгінде жол бойында 1 465 нысан жұмыс істейді. Соңғы 3 жылда 221 нысан салынды. Аталған жобаларға ірі компаниялар инвестиция салды.

— Бұл нысандар — сапа мен жайлылықтың жоғары стандарттарына сай келетін жанармай құю станциялары, қонақүйлер, дүкендер және техникалық қызмет көрсету станциялары орналасқан жол бойындағы тұтас сервистік кешендер, — деп толықтырды вице-премьер.

Оның айтуынша, көлік саласында 712 млн тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға артты. Шамамен 1,5 млрд жолаушы тасымалданып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға өсті.

Теміржол көлігімен транзиттік жүк тасымалдау көлемі 33,8 млн тоннаға жетіп, 15%-ға ұлғайды. Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалады.

— Еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту үшін бірқатар жаңа жобалар жоспарланды. Транзиттік автомобиль жолдарын дамыту аясында «Орталық — Батыс», «Қарағанды — Жезқазған», «Ақтөбе — Ұлғайсын» бағыттарында, Сарыағаш қаласының айналма жолында құрылыс және реконструкциялау жұмыстары басталды, — деді Н. Нәлібаев.

Осы жылдың тамыз айында Президент Арал — Каспий магистралінің құрылысына ресми түрде бастау берді. Жоба 2028 жылдың соңына аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Аталған автомобиль жолы Транскаспий дәлізінің әлеуетін арттырып, жүктерді жеткізу мерзімін үш күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

— Жүк ағынының ұлғаюын ескере отырып, «Көкшетау — Петропавл» учаскесін кеңейтуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында бастау жоспарлануда, — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев «Ауқымды құрылыс» қаражатының нақты қай салаларға бөлінетінін айтып берді.