Атап айтқанда, сағат 00:00–де референдум алдындағы үгіт жұмыстары кезеңі аяқталып, 22 тамызда ресми түрде «тыныштық күні» тәртібі күшіне енді. Осы уақыттан бастап және дауыс беру күні де — 23 тамызда кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады (Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның 32-бабы).
— Бұл ретте сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді, — деп аталып өткен заң нормасында.
Мәселен, тыныштық күні мен сайлау күнінде әлеуметтік желідегі репосттар үгіт-насихат ретінде саналуы мүмкін. Бұл ретте осындай заңсыз әрекетке жол берген жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде әлеуметтік желі қолданушылары жауапқа тартылады. Өз кезегінде, бұрын интернет-ресурстарда орналастырылған үгіт-насихат материалдары, сайттың басты бетіне шығарылмай, бұрынғы орындарында сақталуы қажет. Сондай-ақ, сайлау күні өткізу талаптары, дауыс беру тәртібі және басқалары туралы түсіндірме сипаттағы бұрын орналастырылған ақпараттық материалдар, жарнамалық баннерлерді қоса алғанда, бұрынғы орындарында қалуы қажет.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 102-бабында заң талаптарын бұзғандарға тиісті жаза қарастырылған.
Бұл тұрғыда белгіленген айыппұл сомасы:
- жеке тұлғаларға – 15 АЕК;
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 35 АЕК.
Айта кетейік, жақында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру тәртібін айтып берді.
Дауыс беру 10423 сайлау учаскесінде өтеді. Оның ішінде 61 шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының өкілеттіктері жанында құрылған 79 сайлау учаскесі бар.
Сайлаушылардың тіркелген орны бойынша құрылған сайлау учаскелерінде дауыс беру таңғы 07:00–ден кешкі 20:00–ге дейін жүргізіледі.