Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM- 2025 жылы Қазақстанда Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Оңтүстік Корея және Ресей жоғары оқу орындарының 9 филиалы ашылды. Бүгінде елде шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар 2021 жылдан бастап филиалдар, франшизалар, серіктестіктер, жаһандық кампустар мен консорциумдарды қамтитын 40 стратегиялық серіктестік орнатылды. Қазір тағы 10 стратегиялық серіктестік бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

2025 жылдың қыркүйегінде Cardiff University және Coventry University (Ұлыбритания), Woosong University (Оңтүстік Корея), Anhalt (Германия), Politechnico della Marche (Италия), сондай-ақ ММХҚИ (Ресей) университеттерінің филиалдары жұмыс істей бастады.

2021 жылдан бері ашылған 33 университет филиалы Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Италия, Венгрия және Польша сияқты елдердің жоғары оқу орындарына тиесілі.

-Соңғы үш жылда шетелде отандық жоғары оқу орындарының 5 филиалы ашылды. Атап айтқанда, 2022 жылы Бішкек қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы және Қырғыз Республикасындағы Ош мемлекеттік университеті базасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды, - делінген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметтерінде.

2023 жылы Өзбекстанның Чирчик қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ Тәжікстанның Душанбе қаласындағы Осим атындағы Тәжік мемлекеттік университетінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың бірлескен ақпараттық технологиялар факультеті жұмыс істей бастады.

2025 жылы Ресейдегі Омск мемлекеттік университеті базасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды.

Сонымен қатар 2025 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Алматы қаласындағы Логистика және көлік академиясында Лу Бань шеберханаларының екіншісі мен үшіншісін ашу туралы келісімге қол жеткізілді.

Биыл Қазақ спорт және туризм академиясы (ҚСТА) мен QAIRU – Qazaq AI Research University ашылды.

Осыған дейін әлемдегі озық ЖОО-ларға түсу үшін Қазақстандағы талапкерлер нені білуі керек екені туралы жаздық.