Бұл туралы Kazinform агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сыйақы мөлшері қалай есептеледі?
Комитет өкілдерінің түсіндіруінше, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы туралы ақпарат берген адамға 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 129 750 теңге төленеді.
Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сыйақы мөлшері қылмыстың ауырлығына қарай есептеледі:
· онша ауыр емес қылмыс үшін – 40 АЕК немесе 173 мың теңге;
· ауырлығы орташа қылмыс үшін – 50 АЕК немесе 216 250 теңге;
· ауыр қылмыс үшін – 70 АЕК немесе 302 750 теңге;
· аса ауыр қылмыс үшін – 100 АЕК немесе 432 500 теңге.
Егер пара сомасы немесе келтірілген залал 1 000 АЕК-тен (4 млн 325 мың теңге) асса, сыйақы оның 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Алайда төлемнің ең жоғары шегі – 4 000 АЕК немесе 17,3 млн теңге.
Мысалы, пара сомасы 50 млн теңге болса, хабарлаған азаматқа 5 млн теңге сыйақы беріледі. Ал пара 200 млн теңгені құраса, оның 10 пайызы 20 млн теңге болады. Бірақ белгіленген шектеуге сәйкес, өтініш берушіге 17,3 млн теңгеден артық төленбейді.
Сыйақыны қалай алуға болады?
Алдымен пара беру, бопсалау немесе өзге де сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы туралы уәкілетті органға хабарлау қажет.
Сыйақы алу үшін соттың құқықбұзушылық фактісін растайтын үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін өтініш беруге болады.
Өтінішпен бірге жеке куәлік пен теңгемен ашылған банк шотының деректемелері көрсетілген анықтама тапсырылады.
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің комиссиясы өтініш түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.
Сыйақы төлеу мақұлданса, тиісті бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде ақша өтініш берушінің банк шотына аударылады.
Кімдерге сыйақы берілмейді?
Көрінеу жалған ақпарат бергендерге, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын жасағандарға және оған сыбайлас қатысушыларға сыйақы төленбейді.
Сондай-ақ уәкілетті органдармен құпия негізде ынтымақтасып жүрген азаматтар да бұл төлемді ала алмайды.
Қызметтік міндетіне сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау кіретін мемлекеттік қызметшілерге де ақшалай сыйақы қарастырылмаған. Оларға алғыс жарияланып немесе грамота табысталуы мүмкін.
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі түсіндірмесінде комитет төрағасының 2026 жылғы 5 тамыздағы №84/қе бұйрығына сілтеме жасаған. Бұл құжатта сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидаларына өзгерістер енгізілген.
Еске салайық, 13 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде ҰҚК төрағасы қызметін атқарған Ермек Сағымбаевтың ведомствоның жыл басынан бергі жұмысы туралы есебін тыңдаған болатын. Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне де ерекше назар аударылды.