Қазақстанда соңғы үш жылда 14 сәби пойызда өмірге келген

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында өткен жолаушылар пойыздарының цифрлық экожүйесінің таныстырылымында айтты.

Фото: Жолаушылар тасымалы АҚ

Оның айтуынша, пойыздарда түрлі жағдайлар кездеседі. Соның бірі – жол үстінде сәбилердің дүниеге келуі.

– Ұлттық тасымалдаушының пойыздарында түрлі оқиғалар болады. Олардың арасында қуанышты жағдайлар да бар. Атап айтқанда, соңғы үш жылда пойыздарымызда 14 кішкентай қазақстандық дүниеге келді. Біздің жолсеріктер мұндай жағдайларға арнайы дайындықтан өткен, – деді Әнуар Ахметжанов.

Басқарма төрағасы пойыздарға спутниктік интернет орнату медициналық көмек қажет болған жағдайда да пайдалы екенін атап өтті.

Оның сөзінше, жол үстінде күтпеген жағдай туындаса, пойыз қызметкерлері медициналық мекемелермен және басқа да тиісті қызметтермен жедел байланыса алады. Бұл әсіресе елді мекендерден шалғай аймақтарда маңызды.

Бұған дейін ұлттық тасымалдаушының 51 бағыт бойынша қатынайтын 108 пойыз құрамындағы 1500-ден астам вагон Starlink спутниктік интернетімен жабдықталғаны хабарланды.