Қазақстан пойыздарында Starlink интернеті іске қосылды: қандай қызметтер тегін болады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 51 бағыт бойынша қатынайтын жолаушылар пойыздары Starlink спутниктік интернетіне қосылды. Енді жолаушылар жол үстінде интернеттің бірқатар қызметін тегін пайдалана алады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов жобаның таныстырылымында мәлімдеді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, жоба 108 пойыз құрамындағы 1500-ден астам вагонды қамтиды. Соның нәтижесінде жыл сайын 11 миллионнан астам жолаушы пойызда интернет пен цифрлық қызметтерді пайдалана алады.
Жолаушыларға интернеттің тегін және ақылы пакеттері ұсынылады. Тегін пакет арқылы мессенджерлерде мәтіндік хабарлама алмасуға болады. Ал фотосуреттер мен бейнелерді жіберу, дауыстық хабарламалар және интернеттің басқа мүмкіндіктерін пайдалану үшін ақылы пакетке қосылу қажет.
Әнуар Ахметжановтың айтуынша, спутниктік интернетті енгізудегі басты мақсат – пойыз жолаушыларының жол бойы байланыста болуына жағдай жасау.
– Еліміздің аумағы кең екенін бәріміз білеміз. Пойыздарымыз мыңдаған шақырым жол жүріп, халық сирек қоныстанған, мобильді байланыс мүлде жоқ немесе нашар ұстайтын аумақтардан өтеді. Бүгінде біз осы мәселенің жаңа шешімін ұсынып отырмыз. Ол – спутниктік интернет. Енді жолаушылар жол бойы жақындарымен байланысып, жұмыс мәселелерін шешіп, мемлекеттік және банк қызметтерін пайдалана алады, – деді басқарма төрағасы.
Оның сөзінше, компания бұл технологияны бірден енгізген жоқ. Спутниктік интернет алғаш рет 2024 жылдың қаңтарында Өскемен және Алматы бағытындағы пойыздарда сынақтан өткен. Ол кезде OneWeb жүйесі пайдаланылса, қазір Starlink технологиясы қолданылып отыр.
– Біз байланыс сапасын, оның тұрақтылығын және бір мезгілде қанша адамның интернетке қосыла алатынын тексердік. Жүйенің пойыздарда тиімді жұмыс істейтініне көз жеткізгеннен кейін ғана оны кеңінен енгізуге кірістік, – деді Әнуар Ахметжанов.
Сонымен қатар ол спутниктік интернеттің сапасына ауа райы әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Атап айтқанда, боран және басқа да қолайсыз жағдайларда байланыс жылдамдығы төмендеуі немесе уақытша үзілуі ықтимал.
Компания алдағы уақытта интернет арқылы жолаушыларға ұсынылатын қызмет түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мәселен, пойызда отырып тамаққа тапсырыс беру, вокзалға алдын ала такси шақыру, қажетті фильмдер мен басқа да бейнематериалдарды көру мүмкіндіктері қарастырылған.
– Интернет біз үшін түпкі мақсат емес. Бұл – жаңа қосымша қызметтерді дамытудың негізі. Тұрақты цифрлық байланыстың пайда болуы бұрын болмаған мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Әнуар Ахметжанов.
Айта кетейік, биылғы тоғыз айда ұлттық тасымалдаушы 9 миллион жолаушы тасымалдаған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 13 миллионнан асады деп жоспарланған.
Бұған дейін Kazinform агенттігі «Пойыздар мен ұшақтарды интернетпен қамтамасыз ету қарқыны қалай?» деген материалында еліміздегі теміржол және әуе көліктерін интернетке қосу жұмыстары туралы жазған болатын.