Пойыздар мен ұшақтарды интернетпен қамтамасыз ету қарқыны қалай
АСТАНА. KAZINFORM – 5G желісінің 4 мыңнан астам базалық станциясы орнатылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
- 20-дан астам қалада 5G желісінің 4 мыңнан астам базалық станциясы орнатылды. Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп, Direct-to-Cell технологиясын іске қостық. Ол спутник пен смартфон арасындағы тікелей байланыс арқылы елдің кез келген нүктесінде хабарлама жіберуге және интернеттің базалық қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді (навигация және мессенджерлер арқылы sms жіберу). Технология Android-та қолжетімді, ал iOS бойынша жұмыс жалғасып жатыр, - деді Ж.Мәдиев.
Оның айтуынша, 50 теміржол бағыты бойынша жүретін 124 пойыздың 1 500 вагоны интернетпен қамтылды. 7 ұшақ пен 50 туристік нысанды интернетке қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
- Жалпы ұзындығы 4 511 шақырым болатын «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің жартысы тартылды. Жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Интернетке 370 ауыл қосылды. 12 мыңға жуық шақырым байланыс желісі тартылды. Биылғы жоспар – 1 600 ауылды интернетке қосу. 2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды байланыспен қамту жоспарланған. Бұл үшін 500-ден астам антенна-мачталық құрылым орнату көзделген, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұған дейін хабарланғандай, қалалық сервистерді басқару бойынша Астана тәжірибесі ел өңірлерінде енгізіледі.