Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанла, қазір елдегі Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай қорында 76 174 құжат бар, оның 9 789-ы ұлттық стандарт. Ұлттық стандарттардың қолданылу деңгейі 74%-ды құрайды.
Бұл туралы 2026 жылғы 14 қазанда Астанада Дүниежүзілік стандарттар күніне орайластырылған дөңгелек үстелде айтылды. Қатысушылар ұлттық стандарттау жүйесін дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, инновациялық технологияларды енгізу және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында стандарттау саласындағы жұмыс нәтижелері таныстырылып, саланы одан әрі дамытудың негізгі басымдықтары белгіленді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова атап өткендей, бүгінде стандарттаудың рөлі едәуір артып, елдің технологиялық және экономикалық дамуының маңызды құралдарының біріне айналып келеді.
-Бүгінде стандарттау тек дайын өнімге қойылатын талаптар жүйесі болудан қалуда. Ол технологиялық дамудың, өндірісті, инвестицияларды және жаңа нарықтарды қолдаудың құралына айналып келеді. Біз қалыптасқан тәжірибені бекітетін стандарттан, технологиялардың дамуына алдын ала жағдай жасайтын стандартқа көшіп жатырмыз, – деп атап өтті Жанна Есенбекова.
Басымдықтардың бірі – инвестициялық жобаларды бастапқы кезеңдерінен бастап сүйемелдеу. Өндірісті дайындау кезінде кәсіпорындарға техникалық талаптарды пысықтауға, стандарттарды таңдауға және сапаны қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылымды анықтауға көмек көрсетіледі.
Мұнай-химия саласында заманауи өндіріс технологияларын ескере отырып, көпқабатты полиэтилен үлдіріне арналған стандарт әзірленіп жатыр. Сондай-ақ «ҚазСтандарттың» Alatau City үшін нормативтік базаны дайындауға қатысуы талқыланып жатыр.
Күнделікті өмірдегі өнімдер мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бейнебақылау жүйелеріне, температураны бақылай отырып салқындатылған және мұздатылған жүктерді жеткізуге, электрондық медициналық карталар мен жазбаларға арналған стандарттар қабылданды.
Электр қуаттау станцияларына да стандарттар бекітілді. Олар берілген электр энергиясын сенімді есепке алу үшін қажетті тексеру мен метрологиялық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қарастырады.
-Жасанды интеллект пен ғылыми қызметке арналған нормативтік база да дамып келеді. 2026 жылы әзірлемелердің технологиялық дайындығын бағалауды, зерттеулерді цифрландыруды және ғылыми деректермен жұмыс істеу қағидаттарын қарастыратын «Ғылыми зерттеулер және өндіріске қою» стандарты қабылданды,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Қазақстанда тұрғын үй сапасының бірыңғай стандартын енгізу ұсынылғаны туралы жаздық.