Қазақстанда студенттер саны 1 млн-ға жуықтайды — Ғылым министрі

АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі жастар ақырындап техникалық-кәсіптік білімге де бет бұрып жатыр. Бұл туралы елордада «Болашақ бейнесі: нәтижеден — жаңа стратегияға» атты форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— 500-ге жуық білім бағдарламалары жаңадан қарастырылып, қазір біздің министрлік осы бағдарламаларға қатысып жатыр, мазмұндар жаңадан қарастырылды. 27 колледжіміз тұңғыш рет халықаралық сертификациялық және аккредитациялық рәсімдерден өтіп, халықаралық деңгейдегі білім беру орны деп расталды. Бұл өте жақсы үрдіс. Неге десеңіз, бұрын колледждеріміз өз бетімен қалып қойған білім саласы болды. Қазір Оқу-ағарту министрлігі өте жақсы бетбұрысты бастады. Әр кәсіптік білім саласының өзінің аккредитациялау стандарттары бар, — деді С. Нұрбек.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Сонымен қатар ол жоғары білім саласына да демографиялық өзгерістер әсер етіп жатқанын айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Біздің министрлік 2022 жылы құрылған кезде жалпы контингент 618 мың студент болған. Кейінгі төрт жылдың ішінде 740 мыңға жетті, яғни 120 мыңнан астам бала жоғары білімге қосылды. 2030 жылдан кейін 1 млн-ға жуықтайды деген болжамымыз бар. Сондықтан ақырындап жоғары білімге қосылып жатқан студенттердің саны өсіп келе жатыр. Жалпы ұстанымыз — жоғары білімге қолжетімділікті жоғары деңгейде сақтап қалу. Менің министр және осы елдің азаматы ретіндегі ұстанымым — неғұрлым көп баланы жоғары әрі кәсіптік білімге қол жеткізу деңгейін ұстап тұруымыз керек, — деді ведомство басшысы.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бұған дейін биыл студенттер саны 740 мыңнан асатынын жазған едік. 

Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстан алдағы демографиялық өсімге дайын болуы керек.