Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Саясат Нұрбек алдағы өзгеріс жайында: министрліктің әр маманына демография деректерін оқуды тапсырдым

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан демографиялық өсімге дайын болуы керек. Бұл туралы елордада «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Саясат Нұрбек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Шын мәнінде, көп салада - адами капиталда, экономикалық дамуда, инфрақұрылымдық дамуда мақсатымызды сапалық көрсеткіштерге емес, сандық көрсеткіштерге бағыттаймыз. Жалпы, елде қолжетімділікті көтердік, мектептердің саны көбейді. Адами капитал бағытында үлкен шаралар атқарылды, үлкен ресурстар берілді. Сондықтан мына қазіргі біздің адами капитал индексінде де өсуіміз, яғни 190 елдің ішінде 60-тыққа кіруіміз де сол үлкен шаралардың, сол үлкен ресурстардың арқасында, - деді С. Нұрбек.

Сонымен қатар министр елдегі демографияға тоқталды.

- Демография – ол өте аяусыз күш. Төрт жылдан астам министр қызметін атқарып жүрмін. Әріптестерімді жинап, демография оқулығын оқып шығуды тапсырдым. Неге десеңіз, демографияны кез келген мемлекеттік қызметте жүрген, мемлекеттік басқарумен айналысқан адам, әсіресе әлеуметтік әрі экономикалық даму саласында түсінуі керек. Адамдар санының өсуі немесе халықтың азаюы — бәрі экономикалық дамуға тікелей әсер етеді: еңбек нарығына, тұтынушы нарығына, ресурстарға, инфрақұрылымға, әлеуметтік саясатқа. Қазір әлемде екі ғана аймақ бар және бұл өңірлерде балалардың саны тұрақты өсіп келе жатыр. Ол — Африка және біздің аймағымыз — Орталық Еуразия. Сондықтан басқа елдерде - Азияда, Америкада іс жүзінде тоқтап қалды. Жапонияда 122 млн адам бар. Былтыр Жапонияда 671 мың бала дүниеге келді. Қазақстанда 20,5 млн адам тұрып жатыр, 2025 жылы бізде 300 мыңнан астам бала дүниеге келді. Атап айтқанда, Қазақстанда халықтың саны 6 есе аз, бірақ кемінде Жапонияның бір жылда туған балаларының жартысы біздің елде дүниеге келді. Ал Өзбекстанда халықтың саны Жапониядан 4 есе аз, бірақ дүниеге келген бала саны 200-300 мыңға артық. Бұл өз кезегінде қуантатын жағдай, - деді ведомсто басшысы.

Осы орайда ол кейінгі 5 жылда Қазақстанда 996 700 адам дүниеге келгенін, 2022 жылмен салыстырғанда 5 пайыздан астам өсім болғанын айтты.

- Сондықтан бұл демографиялық өсімге біз дайындалуымыз керек. Соған біздің инфрақұрылым дайындалып жатыр. Қазір орта білімге демографияның әсері мол. Соңғы бес жылдың ішінде 1 млн орынға 1 мың 242 мектеп пайдалануға берілді. Кейінгі 4 жылдың ішінде 4 есеге оқу орындарының тапшылығын қысқарттық. Алайда әлі де 248 мыңға жуық орын тапшылығы бар, - деді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін Жапонияда демографиялық құлдырау 45 жыл қатарынан жалғасып келе жатқанын жазған едік.