Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында су саласын реформалау және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Осы бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі – жаңа Су кодексінің қабылдануы. Кодексте су ресурстарын ұтымды пайдалану, суды үнемдеу, су объектілерін қорғау және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттары бекітілді, – деді Нұржан Нұржігітов.
Оның сөзінше, суды тиімді пайдалану, ысырапты азайту және су пайдалану талаптарын сақтау жөніндегі заңнамалық талаптар күшейтілген. Жыл басынан бері суды пайдалану саласында 758 заңбұзушылық анықталған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі еседен астам көп. Сонымен қатар автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленген.
Министрдің мәліметінше, соңғы екі жылда 1,4 мың шақырымнан астам канал, бес су қоймасы және сегіз гидротехникалық құрылыс реконструкцияланған.
– Қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам ирригациялық желі жаңғыртылуда. Биыл оның 964 шақырымын аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 200 мың гектарға жуық суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады, – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр. Қолданыстағы және тартылып жатқан қаражаттың жалпы көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені құрайды.
Бұл бағытта Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Нұржан Нұржігітов суды үнемдеу технологияларын енгізу саланың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Елімізде алынатын судың шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Сондықтан негізгі назар су үнемдеу технологияларын енгізуге аударылған. Бүгінде бұл технологиялар қолданылатын алқап 702 мың гектарға жетті. Соның нәтижесінде шамамен 1,1 млрд текше метр су үнемделді, – деді министр.
Өнеркәсіп саласында айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу көзделген. 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 28 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Ал коммуналдық-тұрмыстық секторда жыл сайын қосымша 260 млн текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік бар.
Айта кетейік, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 1,3 млн гектар болады.