Қазақстанда су тасқынын болжайтын ақпараттық орталық жұмысын бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде су тасқынын алдын ала болжауға, су қоймаларының жұмысын модельдеуге және су ресурстарының келу көлемін бағалауға мүмкіндік беретін Су ресурстарының ақпараттық орталығы іске қосылды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов мәлімдеді.

Фото: pexels

Вице-министрдің айтуынша, орталықты құру және оның жұмысын ұйымдастыру мәселесі Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауында да айтылған.

– Қазіргі уақытта орталық ашылды, қажетті жұмыстардың бәрі жүргізілді. Енді ол су тасқынын болжаумен айналысады. Сондай-ақ «Қазгидрометпен» бірлесіп, су көлемінің болжамын жасайды, – деді Жандос Сәлімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жаңа орталық су шаруашылығы нысандарының, соның ішінде су қоймаларының жұмысын модельдейді. Мамандар олардың жай-күйін, су қозғалысын, су қоймаларына келетін су көлемін бақылап, алдағы кезеңдегі су ресурстарының болжамды мөлшерін бағалайды.

Айта кетейік, Ақмола облысында су тасқынының алдын алу жобаларына 5,5 млрд теңге бөлінді.

Қазақстанның бес облысында көктемгі тасқын суды жер астына жинап, су қорын толықтыру мүмкіндігі зерттелген.