Қазақстанда суперкомпьютер көмегімен метеоболжам сапасы артты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазгидромет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ суперкомпьютерінде жоғары дәлдіктегі ауа райы болжамын іске қосты, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қазгидромет» РМК Қазақстан Республикасының аумағы үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Суперкомпьютерлік орталығының есептеу ресурстарында кеңістіктік ажыратымдылығы 2 км болатын Weather Research and Forecasting (WRF) сандық ауа райын болжау моделін іске қосты.
Жобаны жүзеге асыру Экология және табиғи ресурстар министрінің қолдауының арқасында мүмкін болды. Министр Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер пайдалануға берілгеннен кейін Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет пен Университет басшылығы арасындағы өзара іс-қимылды бастамалады.
Бұл ынтымақтастық — Қазақстан ғылымын дамыту және халық пен мемлекеттік органдарды метеорологиялық қызметпен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында білім беру мекемелері (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) мен мемлекеттік құрылымдардың («Қазгидромет» РМК) өзара әрекеттесуінің жақсы үлгісі.
— Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ суперкомпьютерінде WRF моделін күн сайын автоматты түрде іске қосу жүзеге асырылады. Нәтижесінде Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша ауа температурасы, атмосфералық жауын-шашын, жел параметрлері және метеограммалар бойынша болжамдар қалыптастырылады. Есептеулер автоматты режимде орындалады, сонымен қатар модельдің шығыс деректерінің сапасы мен дәлдігін арттыру үшін оларды талдау қатар жүргізіледі. Жобаны іске асыру елдің гидрометеорологиялық қауіпсіздігін нығайтуға, қауіпті табиғи құбылыстар туралы ерте ескерту жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет пен елдің жетекші университеті арасындағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығын дамытуға бағытталған, — дейді ведомство өкілдері.
Айта кетсек, 2 км ажыратымдылықтағы WRF моделін енгізу Қазақстан Республикасында метеорологиялық қызметті дамытудағы маңызды қадам саналады. Ресми сайтта «Ауа райының сандық болжамы» бөлімі қолжетімді болады. Онда барлық пайдаланушы модель есептеулерінің нәтижелерін және елдің бүкіл аумағы бойынша болжам карталарын қарай алады.
Бұдан бұрын Ғылым және жоғары білім вице-министріТалғат Ешенқұлов елдегі қай университтерде суперкомпьютер орнатылғанын және оларды кімдер пайдалана алатынын түсіндірді.