Қазақстанда тағы 14 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстарындағы 45,5 мыңнан астам тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған бірқатар жобаны аяқтады.

Фото: Су шаруашылығы министрлігі

Министрліктің Су шаруашылығы комитеті ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстарын жүргізді.

Аталған жобалар үш облыстағы жалпы саны 45,5 мыңнан астам адам тұратын 14 ауылды қамтыды.

Жүргізілген жұмыстар аясында жалпы ұзындығы 53,6 шақырым жаңа су құбыры тартылып, қолданыстағы 62,9 шақырым су құбыры реконструкцияланды.

Сонымен қатар су құбыры құрылыстарына арналған алаңдар, таза су резервуарлары мен су көтеру сорғы станциялары салынды.

– Қазіргі уақытта комитет топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгінде жалпы саны 443,2 мың адам тұратын 131 елді мекеннің ауыз сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік беретін 14 жоба жүзеге асырылуда, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Нұрбек Серіков.

Осылайша, биыл аяқталған жобалармен қатар, комитет тағы 131 елді мекеннің ауыз сумен қамтылуын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 142 ауылды қамтитын 12 ауызсу жобасын аяқтау жоспарланғаны хабарланған еді. Бұл жобалар шамамен 540 мың тұрғынның сумен жабдықталуын жақсартуға бағытталған.