Атап айтқанда, «Ойын-сауық мекемелерінің, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың (олардың кассаларының) орналасу орындары» туралы бапқа толықтырулар енгізілді.
— Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында, Жетісу облысының Панфилов ауданында, Алакөл көлінің жағалауында, Алматы облысының Талғар ауданында, Марқакөл аумағында және Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында ойын-сауық орындары ашылады, — делінген құжатта.
Сонымен қатар заңда казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, тарихи-мәдени маңызы бар жерлерде, сондай-ақ қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мақсатындағы жерлерде орналастыруға тыйым салынатыны көрсетілген.
Бұдан бөлек, заң жаңа тармақпен толықтырылды. Онда жоғарыда аталған өңірлерде орналасатын казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға тек шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ сол мекемелердің қызметкерлері және қызметтік міндеттерін орындау мақсатында жүрген өзге де тұлғалар ғана кіре алатыны белгіленген.
Айта кетейік, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң мақұлданған еді.
Сонымен қатар онлайн казиноны жарнамалағандардың табысы тәркіленіп, екі есе айыппұл салынуы мүмкін.
Қазіргі таңда Қонаев қаласында 5 казино ресми жұмыс істеп тұр. Оған қоса, құмар ойын саласында үш мыңнан астам адам жұмыс істейді.