Қазақстанда тек шетелдіктерге ғана арналған казинолар қашан ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Келер жылы Маңғыстау және Алматы облыстарында екі жаңа казино пайда болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

Коллаж: Kazinform

Министрдің айтуынша, қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жаңа ойын аймақтарының алаңдарын анықтау жұмыстары, сондай-ақ әлеуетті инвесторларды іріктеу бойынша келіссөз жүріп жатыр.

— Әзірге, Алматы облысында бастапқы жұмыстар айқындалды. Тиісті инфрақұрылым тартылды. Ал қалған өңірлер бойынша келіссөз жалғасады, — деді Е. Мырзабосынов Үкімет отырысынан кейін Kazinform тілшісіне берген жауабында.

Сонымен қатар ол Алматы облысындағы нысан келер жылы іске қосылуы мүмкін екенін нақтылады.

— Маңғыстау облысында қонақ үй құрылысы аяқталса, келер жылы жұмысын бастауы ықтимал. Бұдан басқа өңірлерде инвесторларды анықтау жұмысы жалғасып жатыр, — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басында Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң мақұлдады. 

Заңмен еліміздің ойын бизнесін орналастыруға рұқсат етілетін аумақтардың тізбесі кеңейтіледі. Бұрынғы Қапшағай, Бурабайдан бөлек, енді Маңғыстау, Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік маңызы бар аймақтарында жаңа ойын зоналарының құрылуы өңірлерге инвесторлар мен шетелдік саяхатшыларды тартудың қосымша тетігіне айналады.

Бұл ретте заңда маңызды әлеуметтік және экономикалық тосқауыл қойылған: жаңадан белгіленген аумақтардағы ойын мекемелеріне тек шетелдік азаматтардың кіруіне рұқсат беріледі.