Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар саны 550 мыңнан асады
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 550 204 заңды тұлға тіркелген, оның 438 787-сі – жұмыс істеп тұрған субъектілер. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
2026 жылғы қаңтарда 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда заңды тұлғалар саны 0,1% артты, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы өсім 2,5%-ды құраған. 2016-2025 жылдар аралығында олардың саны 383 850-ден 549 669-ға дейін өсіп, 43,2% ұлғайды.
Тіркелген заңды тұлғалардың ең жоғары үлесі мына салаларға тиесілі:
- «Көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу» – 26,7%
- «Құрылыс» – 13,4%
- «Өзге де қызмет түрлерін көрсету» – 9,9%
Тіркелген заңды тұлғалар саны басым аймақтар – Алматы (28,8%), Астана (19,5%) және Шымкент (5,5%).
Осыған дейін заңды тұлғалардың жемқорлық қылмыстарына жауапкершілігі күшейтілетінін жазған едік.