Қазақстанда цифрлық резидент құжаты енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада көші қон саясатын жетілдіру және шетелдік мамандарды тарту тетіктері талқыланды, деп хабарлайды Көші-қон комитетінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Эльдар Күзенбаев көші-қон заңнамасын жаңғырту мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді. Талқылауға Отандастар қорының өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстанның көші-қон саясатын кешенді жетілдіру мәселесі болды. Қатысушылар шетелдік капитал тарту тетіктерін жаңғырту, жоғары білікті шетелдік мамандар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін елге келу және ұзақ мерзімді еңбек қызметін жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау мәселелерін жан-жақты талқылады.

Эльдар Күзенбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда сервистік тәсілге негізделген көші-қон ағындарын реттеудің жаңа әрі бәсекеге қабілетті моделі қалыптасып жатқанын атап өтті.

Фото: Көші-қон комитеті

— Негізгі құралдардың бірі ретінде «Алтын виза» институты енгізіледі. Ол инвестициялық және жоғары білікті резиденттік жүйені қамтып, шетелдік инвесторлар мен сұранысқа ие мамандар үшін бірқатар артықшылықтар ұсынады. Бұл тетік экономиканың дамуына қажетті инвесторлар мен тапшы кадрлардың құқықтық мәртебесін ұзақ мерзімге бекітуге бағытталған. «Алтын виза» олардың Қазақстанда жұмыс істеуі мен қызмет жүргізуін едәуір жеңілдететін кең мүмкіндіктер пакетін ұсынады», — деді комитет төрағасы.

Кездесу барысында көші-қон үдерістерін технологиялық жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сервистік модельге көшу көші-қон қызметтерін терең цифрландыру арқылы жүзеге асырылады. Реформа жобасы аясында цифрлық резидент құжатын енгізу және e-Resident модулімен жабдықталған арнайы QazETA платформасын толық іске қосу жоспарланған.

Фото: Көші-қон комитеті

Күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмі бекітіліп, жауапкершілік аймақтары айқындалды. «Отандастар қоры» КеАҚ шетелде кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін негізгі оператор ретінде белгіленді. Сонымен қатар қорға «Алтын виза» алуға ниет білдірген тұлғалардың өзекті тізімін қалыптастыру және жүргізу міндеті жүктелді.

Осыдан бұрын Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Жарлығын жүзеге асыру аясында көші-қон саясатына енгізілген жаңа тәсілдерді түсіндірді.